• Русский
    • Қазақ тілі
Close
  • Русский
  • Қазақ тілі
Close

ДДСҰ қант қосылған сусындарға салық салуды ынталандыру

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропалық аймақта елдердің тек 19%-ы ғана қант қосылған сусындарға салық енгізгенін бөлісті. Жаңа салықтарды енгізуді қолдау мақсатында ұйым өзінің соңғы зерттеуінде осы саладағы қандай тәжірибелер жұмыс істеп, қайсысы жұмыс істемейтінін анықтауға тырысты.

ДДСҰ қант қосылған сусындарға салық салу идеясын біраз уақыттан бері алға тартып келеді. Ұйым мұндай салықтар жұқпалы емес аурулардың таралуына қарсы тиімді шара бола алады деп есептейді.

Еуропаның кейбір елдері сусындардағы қантқа қатысты салықтың немесе алымның қандай да бір түрін енгізді. Олардың ішіне Бельгия, Финляндия, Франция, Венгрия, Ирландия, Латвия, Монако, Норвегия, Португалия және Ұлыбритания кіреді. Көбінесе бұл елдердегі салықтар қант қосылған газдалған сусындарға қолданылады, бірақ кейбір елдерде тиісті заңдар тәттілендірілген сүтті сусындарды, шырындарды және тәттілендіргіштері бар сусындарды да ескереді.

ДДСҰ мен Австралиядағы Сидней университетінің жаңа зерттеуі қант қосылған сусындарға салықтар енгізілген Еуропа елдерінде олар тұтынушыларға емес, ең алдымен индустрияға бағытталғанын көрсетеді. Көптеген елдерде салықтар қантты сусындарды және/немесе қантты тұтынуды азайту үшін енгізілген. Кейбір жағдайларда салықтың дизайны өнім құрамын қайта өзгертуге ынталандыратындай етіп жасалған – салық деңгейі сусындағы қант құрамына байланысты бекітілген. Барлық елдерде денсаулық мәселелері қосымша салық салуды енгізу себептерінің бірі болды, бірақ реттеушілер экономикалық құрамдас бөлікке (бюджет тапшылығын реттеу мақсатында) назар аударған жағдайлар да болды.

Салық салудың бұл үлгісінің салыстырмалы түрде Еуропада аз таралуын ескере отырып, мұндай тәжірибелердің тиімділігіне бәрі бірдей сене бермейді. Кейбіреулер, соның ішінде сусын индустриясының өкілдері салықтың халық денсаулығына оң әсерін тигізетініне күмәнмен қарайды. Белгілі бір тағам немесе ингредиенттерге салынған салықтар денсаулық мәселелерімен күресуге көмектесетіні туралы сенімді дәлелдер көп деп айта алмаймыз. Оған қоса, бизнес тұтынушылардың сатып алу әдеттерінің өзгеруі олардың денсаулыққа пайдалы өнімдерді таңдай бастайды дегенін білдірмейтінін жиі айтады. Сонымен қатар, салық салу «регрессивті» құрал болып табылады және әрқашан ең кедей сатып алушыларға ауыр тиеді.

ДДСҰ өз жұмысында барлық қарастырылған елдерде индустрия жоғарыда аталған себептер бойынша салықтарды енгізуге қарсы болғанын, бірақ нәтижесінде бизнестің нақты қаржылық шығындары көп жағдайда «минимальды» болып шыққанын атап өтеді.

ДДСҰ олардың зерттеуі реттеушілерге еуропалық аймақтағы қант қосылған сусындарға салық салуды тиімдірек қолдануға көмектеседі деп үміттенеді және салық үлгісін, ең алдымен, сусындарды тұтынудың денсаулыққа әсерін, оған қоса әр елдің мәдени ерекшеліктерін ескере отырып негіздеу керек деп санайды. 

Дереккөз: www.foodnavigator.com