• Русский
    • Қазақ тілі
Close
  • Русский
  • Қазақ тілі
Close

Ультра өңделген тағам тәуелділікке әкелуі мүмкін бе?

Халықаралық ғалымдар тобының жаңа зерттеуі мынадай тұжырымға әкелді: егер көмірсулар мен майларға бай ультра өңделген тағамдарды тәуелділікке әкелетін өнімдер ретінде жіктесе, бұл қоғамдық денсаулықты жақсарту бойынша жаһандық күш-жігерді жақсартуға әкелуі мүмкін.

Жұмыс авторлары түсіндіргендей, қазіргі уақытта тағамға тәуелділіктің шындығы туралы айтуға мүмкіндік беретін жеткілікті клиникалық деректер жинақталған. Өңделген тағамдардың кейбір түрлерінің тәуелділік тудыратын заттарға тән қасиеттері бар деген ақиқатты қабылдау ұзақ мерзімді перспективада бүкіл әлем бойынша денсаулықты жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Кейбір адамдарда ультра өңделген тағамға қатысты қалыптан тыс мінез-құлықтың мысалдары ретінде зерттеушілер бақыланбайтын тұтынуды, тойғанына қарамастан ең күшті құмарлықты және тіпті абстиненция белгілерін атайды.

Ғалымдардың айтуынша, адам темекі шегуді немесе алкогольді ішуді тастауы мүмкін, бірақ ол тамақтануды тоқтата алмайды. Және қандай тағамдарды тәуелділік тудырады деп санау керектігі мен неге олай болатыны туралы сұрақ ең күрделі және даулы болып тұр. Зерттеу барысында 36 түрлі елден 3 жүзге жуық жұмыс талданды және ультра өңделген тағамға тәуелділік ересектердің шамамен 14%-нда және балалардың 12%-нда кездеседі деген қорытынды жасалды.

Сонымен қатар, барлық тамақ өнімдері тәуелділік тудырады деп айтқан дұрыс емес. Әдетте табиғи немесе аз өңделген деп саналатын тағамдардың көпшілігінде көмірсулар немесе майлар түріндегі қуат көздері бар, бірақ екеуі де бірге болмайды, дейді авторлар. Мысал ретінде алма, ақсерке және шоколод кәмпитті айтуға болады. Алмада көмірсулардың майға қатынасы 0-ге 1, ал ақсеркеде керісінше 1-ге 0. Бірақ шоколад кәмпитте бұл 1-ге 1 арақатынас. Зерттеушілердің пікірінше, ультра өңделген тағамдардың көптеген түрлерінде көмірсулар мен майлардың мөлшері жоғары және бұл комбинация адамның миына басқаша әсер етеді.

Зерттеу авторлары ультра өңделген тағамның қасиеттерін және олардың тәуелділіктің пайда болу мүмкіндігіне әсерін одан әрі зерттеуге және олардың жоғары таралуын ескере отырып, осы тағамдарға қатысты тамақтану саясатын жетілдіруге шақырады.

Жалпы, ультра өңделген тағамға тәуелділік тұжырымдамасы көптеген сұрақтар туғызатынын атап өткен жөн. Темекі тартқандағы никотиннен айырмашылығы, тағамға тәуелділікті қалыптастыруға жауап беретін арнайы химиялық қосылыстар анықталған жоқ. Тіпті никотин сияқты жақсы зерттелген зат үшін де тәуелділік пайда болатын нақты доза мен тұтыну деңгейі анықталмаған. Азық-түлікке қатысты тәуелділік тудыру әлеуетін бір затқа (мысалы, сахароза) әкеліп тірелтуге болмайды. Сондықтан, ауқымды қорытынды жасамас бұрын, бұл мәселені әлі де зерттеу керек.

Дереккөз: http://doi.org/10.1136/bmj-2023-075354