Британ ғалымдары топтасып жаңа зерттеу жұмысын жасаған. Соған сәйкес, олар қазіргі таңдағы “өңделген” тамаққа қатысты жүйелер классификациялары адамдарды көбіне жаңылыстырады деген пікірде болып отыр. Яғни “өңделген тамақты” бірден “денсаулыққа зиян тамақ” деген түсінікпен пара-пар ету – мәселеге тым жеңіл-желпі қарауға әкеліп соғады.
Авторлардың айтуынша, азық-түліктерді олардың “өңделу дәрежесіне” қарай бөлетін классификациялық жүйелер тамақтануға қатысты түрлі кеңес әзірлеуге кеңінен қолданылады екен. Кейде тіпті заң қабылдағанда да әсері бар деседі. Десек те, “өңделген тамақ” деген не десе, нақты бір анықтама беру мүмкін емес. Саладағы осыған қатысты бар терминдер көбіне дәйексіз әрі сәйкес келмейді. Соған байланысты әр адам оны өзінше түсінуі мүмкін.
Осылай дей келе ғалымдар мақаласында жүзден астам ғылыми жұмыстарды қарап шыққан. Яғни өңделген азық-түліктерді классификациялау үшін қандай критерийлер қолданылатынын анықтамақшы болады. Сонда олардың бір-бірінен айырмашылығы неде? Авторлар зерттей келе, классификацияның критерийлерінің дені қазіргі
нутрициология және тағам өңдеуге қатысты ғылыми мәліметтерге сәйкес келмейтінін анықтаған.
“Өңделген тағамның” “денсаулыққа зиян тағам” дегенді білдірмейтінін ғалымдар астын сызып тұрып ескертеді. Азық-түліктің нутриент профилі мен оның өңделген не өңделмегенінің арасында ешқандай тікелей байланыс жоқ. Өңдеу тамақтағы нутриенттердің құрамына кешенді әсер етеді. Және осыны алға тарта отырып, оның негатив қана емес, позитив әсер беруі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Жалпы алғанда “денсаулыққа зиян тағам” деген түсініктің өзі қате. Көбіне бұл дегеніміз қанық майлары, тұз не қанттың болуына қарай, не болмаса “бағдаршам” және Nutri-Score сынды жаппай таңбалау рейтингілер жүйелеріне сәйкес анықталады.
Авторлар классификацияның көптеген жүйесінде тамақтың үйде өңделуіне баса мән бермейді дейді. Яғни тек өндірістік жағдайларда өңделуіне ғана басымдық береді екен. Мұнымен айтқысы келгені – үйде жасалған тамақ болса, оның автомат түрде пайдалы бола қалмайтыны.
Зерттеушілер “өндірілген” азық-түлік өнімдерін жіктеу және және оны анықтаудың бірыңғай тәсілін әзірлеу керек деген қорытындыға келіп отыр. Осылайша ғылыми қауымдастық, индустрия, реттеушілер мен тұтынушылар бір-бірінің тілін түсінер еді деседі.
Источник: doi.org/10.1016/j.tifs.2021.02.059