British Nutrition Foundation (BNF) қайырымдылық ұйымының жаңа зерттеуіне сүйенсек, тұтынушылар арасында пайдалы тағамға деген сұраныстың шектеулі болуы вегандық және вегетариандық диетада темір мен йод сияқты негізгі қоректік заттардың болмауына байланысты.
Соңғы уақытта азық-түлік секторындағы ірі өндірушілер өсімдік өнімдеріне көбірек көңіл бөлуде. Мысалы, 2017 жылы Nestlе жүргізген жаһандық зерттеуге сәйкес, тұтынушылардың шамамен 30%-ы еті аз немесе мүлде етсіз икемді диетаға көшуге дайын. Unilever компаниясы алдағы 5-7 жылда ет пен сүт өнімдерінің орнына өсімдік негізіндегі баламаларды сату басым болады деп болжайды. Danone компаниясы да өсімдік негізіндегі сусын бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Алайда, BNF-тің жаңа зерттеуі тұтынушылардың тазарақ диеталарға деген сұранысының шектеулі екенін көрсетеді. BNF мәліметтері бойынша, ұлттық деңгейде денсаулық сақтау мекемелері қолдайтын тамақтану жөніндегі нұсқаулықтарды көпшілік ұстанатын болса, халықтың денсаулығы едәуір жақсара алады. Мысалы, Ұлыбритания нұсқаулықтары бойынша, дұрыс тамақтану құрамында көкөніс, жеміс, дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдары, жаңғақтар мен өсімдік қоректік заттары көп және тұзы мен майы аз диетаны қамтиды. Сонымен қатар диетада ет, балық, сүт өнімдері мен жұмыртқа болуы керек. Дегенмен Ұлыбританияда 1%-дан аз кісі бұл нұсқауларды ұстанады.
BNF йод пен темір сияқты негізгі қоректік заттардың болмауына байланысты вегандық және вегетариандық диетаны көптеген адамдар қабылдай алмайтынын айтады. Мұндай диетаға бүкіл елдің көшуі азық-түлік өндірісінің жерлерді пайдалану мен тұрақты даму тұрғысынан қоршаған ортаға оң әсерін тигізуі мүмкін, бірақ ет, балық, сүт және жұмыртқа құрамында болатын темір, мырыш, кальций, йод және В12 дәрумені сияқты қоректік заттардың көп мөлшерінің тұтынылуын немесе биожетімділігін төмендетуі мүмкін.
BNF кейбір өсімдік негізіндегі дайын тағамдарда негізсіз «сау имидж» болатынына назар аудартады. Өсімдік негізіндегі балама өнімдерде жануарларда кездесетін маңызды дәрумендер мен минералдар болмауы мүмкін (мысалы, сиыр сүтіндегі кальций мен йод). Қолданыстағы диеталық нұсқаулар қызыл ет пен өңделген етті орташа тұтынуды ұсынады. Алайда, қазіргі уақытта салауатты және үйлесімді диетадан ет немесе басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді толығымен алып тастаудың пайдасын растайтын ғылыми дәлелдер жоқ.
Әдетте жануарлардан алынатын барлық тағамдарды азырақ жеу пайдалы саналғанымен, BNF зерттеулері сүт, йогурт немесе жұмыртқа тұтынуды азайтудың қажеттілігі жоқ деп санайды. Жануарлардан алынатын өнімдерді өсімдік негізіндегі баламалармен «алмастырған» кезде көп жағдайда ақуыздың жалпы мөлшері ғана ескеріледі. BNF мәліметтері бойынша бұл жеткіліксіз: сіз рационыңызда ақуыздардың әлдеқайда көп түрін, соның ішінде өсімдік ақуыздарын тұтынуыңыз керек. Сонымен қатар, көптеген адамдар ақуызды жеткілікті мөлшерде жейді, сондықтан маңызды дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігін болдырмау үшін тағамның жалпы қоректік профиліне назар аудару керек.
Дереккөз: www.foodnavigator.com