• Русский
    • Қазақ тілі
Close
  • Русский
  • Қазақ тілі
Close

Зертханада дайындалған кофе

Зертханада дайындалған кофенің бірінші кесесі Финляндияда қайнатылды және оның дәмі мен хош иісі стандарттарға сәйкес екені анықталды.

Жасуша шаруашылығы әдетте ет, сүт немесе жұмыртқа ақуыздарын өндірумен байланысты. Ал Финляндияның VTT Техникалық зерттеулер орталығының ғалымдары назарларын басқа маңызды өнімге – кофеге аударды.

Кофе – су мен шайдан кейін әлемдегі үшінші ең танымал  сусын және әлемде кофе тұтыну үдерісі өсуде. Алайда, қазіргі уақыттағы ұсыныс сұранысты қанағаттандырмайды, ал болашақта жағдай тек нашарлай түседі: кейбір мәліметтер бойынша, 2050 жылға қарай кофеге сұраныс үш есеге өсуі мүмкін, ал климаттың өзгеруі мен температураның көтерілуіне байланысты кофе дәндерін өсіру одан әрі қиынға соғады. VTT зерттеушілерінің айтуынша, мұның бәрі кофе өндірудің балама әдістерін ойлап табу қажеттілігіне әкеледі.

Жасушалық ауыл шаруашылығы “түтікте” ет өсірумен, сонымен қатар сиырсыз сүт ақуызын, тауықсыз жұмыртқа ақуызын жасаумен белгілі. Кофеге келсек, тұжырымдама өзгеріссіз: жануар жасушаларын өсірудің орнына өсімдік жасушаларын өсіру. Кофенің жасушалық тізбектері бөлінгеннен кейін, олар биомассаны алу үшін биореакторларға орналастырылады. Жасушаның өсуі үшін тиісті қоректік орта қолданылады. VTT ғалымдары бұл ортаның бір ет өсіруге қарағанда әлдеқайда жеңілірек және арзанырақ екенін атап өтті. Бұл кофе өсірудің сөзсіз артықшылығы. Процесс соңында дифференциацияланбаған кофе жасушалары (басқаша айтқанда, биомасса) жиналып, кептіріледі. Алынған ұнтақты содан кейін қуырып, қайнатады, сөйтіп жасушалар бізге таныс сусынға айналады.

VTT сарапшыларының пікірінше, алғашқы сынақтардың нәтижелеріне қарағанда жаңа кофенің дәмі мен хош иісі тартымды  болып көрінеді, ал алынған сусынның профилі қарапайым кофеге өте ұқсас. Алайда, зерттеушілер кофе жасаудың өзі өнер екенін және олардың жұмысы зертханалық кофе өсірудің бастамасы екенін түсінеді.

VTT мәліметтері бойынша, жасушадан жасалған кофе бірнеше жылдан кейін коммерциялық өндіріске дайын болуы мүмкін. Ол үшін зертхана реттеуші келісім алу керек: Еуропа мен АҚШ-та мұндай кофе тамақ өнімінің жаңа түрі болып саналады және кофені толық коммерцияландыру алдында оны міндетті түрде керекті тексерістен өткізуге тура келеді. 

Дереккөз: www.foodnavigator.com