Испанияның ғалымдар тобы кофеинді қабылдаудың велосипед тепкен кезде ағзадағы май қышқылдарының тотығуына әсерін зерттеді.
Авторлардың пікірінше, максимум қарқындылықтағы жаттығуларға кофеиннің эргогендік әсері (яғни спортшының көрсеткіштерін арттыру мүмкіндігі) жақсы зерттелген. Алайда, егер аз қарқынды жаттығулар кезінде кофеиннің ағзадағы майлар мен көмірсулардың тотығуына әсері туралы айтатын болсақ, онда мәліметтер қарама-қайшы келеді. Сондықтан испандар өз жұмысында аталған процестерге майдың максималды тотығуын тудыратын қарқындылығымен 1 сағат велосипед тебу кезінде кофеиннің әсерін зерттеуге шешім қабылдады.
Қос-соқыр, кездейсок және теңдестірілген тәжірибеде 12 сау қатысушы кофеинді (дене салмағына 1 кг-ға 3 мг) немесе плацебоны (целлюлоза) қабылдағаннан кейін екі жаттығу жасады. Тәжірибе кезінде қатысушылар 1 сағат үздіксіз велосипед тепті. Энергия шығыны, сондай-ақ майлар мен көмірсулардың тотығу жылдамдығы жанама калориметрия көмегімен үздіксіз өлшеніп отырды.
Зерттеулердің нәтижесі бойынша, плацебомен салыстырғанда кофеин тотыққан майдың мөлшерін көбейтіп, тотыққан көмірсулардың мөлшерін азайтады және шаршау сезімін төмендетеді. Керісінше, кофеин жаттығу кезінде жалпы энергия шығынына немесе орташа жүрек соғысына әсер еткен жоқ. Жаттығу алдында кофеин қан қысымын көтерді, ал жаттығудан кейін жүйке мен сергек сезімі күшейе түсті.
Осылайша, кофеиннің орташа дозасы (дене салмағының әр кг-на шаққанда 3 мг) сәйкес қарқындылықпен велосипед тебудің 1 сағаты кезінде ағзада тотықтырылған май қышқылдарының мөлшерін арттырады. Басқаша айтқанда, кофеинді жаттығу кезінде майды тиімдірек жағу үшін қолдануға болады. Авторлар гипертониясы бар немесе кофеинге жоғары сезімталдығы бар адамдарда бірнеше жанама әсерлердің пайда болу мүмкіндігін ескеру қажет екенін атап өтті.
Дереккөз: doi.org/10.1007/