• Русский
    • Қазақ тілі
Close
  • Русский
  • Қазақ тілі
Close

Британияда қантқа салық қыздарға ғана салынды ма? Ұлдарға салынбады ма?

Кембридж университетінің жаңа зерттеуі семіздікпен, әсіресе ұлдар мен кішкентай балалар арасындағы семіздікпен күресу үшін тәтті сусындарға салық салудың жеткілікті емес екендігін көрсетті. Кейбір сарапшылар тіпті бұл жұмысты «спекулятивті» деп атап отыр.

Ұлыбританияда тәтті сусындарға салық салуды енгізу (бұл шара 2018 ж. іске қосылды) 10-11 жас аралығындағы қыздар арасында семіздіктің таралуын 8%-ға азайтуға көмектесті. Айта кететіні, бұл көбінесе табысы мейлінше төмен отбасылардың балаларына қатысты. Дегенмен, осы жастағы ұлдар арасында мұндай байқалмаған. Сол секілді 4-5 жас аралығындағы балалардың семіздігіне салықтың қандай да бір әсері байқалмады. Ғалымдар нақты себеп-салдар байланысын анықтамағанымен, тек ассоциациясын зерделегенімен, зерттеу нәтижелерінен зор үміт күтілетінін айтып отыр, яғни салық алкоголі жоқ сусындардағы қанттың құрамын айтарлықтай төмендетуге, нәтижесінде бүкіл елдің мыңдаған балаларының семіруін тоқтатуға мүмкіндік берген.

Дегенмен, ұлдар мен қыздар арасында семіздіктің таралуына салықтың неліктен әр түрлі әсер еткені әлі де айқын болмай отыр. Ықтимал себептерінің бірі – жарнаманың әсері. Бірқатар зерттеулер көрсеткендей, ұлдар жай ғана тамақ пен сусындар жарнамасын көбірек көреді. Бұл жерде, «зиянды» тағам көбіне көптеген белсенді дене қимыл-қозғалыстары арқылы жарнамаланады, содан ұлдар қуаты мол, бірақ құрамында құнарлы нутриенттері аз тағам үздік нәтижелерге, мәселен, спортта жетістікке жетуге көмектесетініне оңай сенеді. Ал кішкентай балаларға қатысты зерттеушілер салықтың әсерінің болмауын бүлдіршіндердің әдетте тәтті сусындарды азырақ ішетіндігімен түсіндіреді, ал осы топқа дағдылы жеміс-жидек шырындарына салық салынбайды.

Кембридж ғалымдарының жұмысына күмәнмен қарайтын скептиктер табылды. Сөйтіп, Британдық алкогольсіз сусындар ассоциациясы бұл зерттеу моделін «күмәнді» деп атады. Салық шынымен де индустрияның көптеген өнімдер құрамындағы қант мөлшерін айтарлықтай төмендетуіне түрткі болды, сонымен қатар, өндірушілер құрамында қанты көп сусындарды 16 жасқа толмаған балаларға барлық медиаарналар бойынша жарнамалауды тоқтатты. Дегенмен, салықтың семіздіктің таралуына ұзақ уақыт бойы әсер ететініне сенімді дәлелдемелер жоқ. Өзге сарапшылардың пікірінше, зерттеулер нақты өлшемдерге емес, тек ассоциативті байланысқа негізделгендіктен, одан болашаққа көзделген қорытынды шығаруға болмайды. Тіпті, жалпы алғанда, салық енгізілгеннен бері балалар арасындағы семіздік деңгейі төмендемек түгілі, COVID эпидемиясы кезінде жоғарылап кетті.

Дереккөз: http://www.foodnavigator.com