Жақында NIZO зерттеу компаниясы азық-түліктің денсаулыққа жағымды әсерін негіздеудегі in vitro зерттеуінің рөлі туралы көзқарасын бөлісті.
Қазіргі уақытта тағамның негізгі құндылығын ескергенде денсаулыққа пайдасы да болатыны ешкімге құпия емес. Мысалы, тағам құрамындағы кейбір ингредиент иммундық жүйені қолдайды немесе асқорытуға әсер етеді және ішек микрофлорасын модуляциялайды. Тағамның осындай қасиеттері тұтынушылардың қызығушылығын тудыратыны таңқаларлық емес. Алайда, тамақ өндірушілер өнімдерінің жағымды қасиеттері туралы негізсіз жариялап айта бере алмайды – мұндай пікірлерде нақты ғылыми дәлелдер болуы керек. Міне, іn vitro зерттеулері осыған қажет дәлел базасының маңызды бөлігі бола алады.
In vitro эксперименті – зертханада өткізілетін тәжірибе (тірі организмнен тыс), ғылыми сынақтың бір түрі. NIZO мұндай сынақтардың шарттары, мысалы, асқорыту процедураларын, функционалдылықты немесе ішек микрофлорасын немесе олардың комбинациясын имитацияланатындай етіп арнайы жасалатынын атап өтеді. Сәйкес модельдер жасушалардың әртүрлі түрін (ішек жасушалары, иммундық жасушалар), процестерді (асқорыту, ферментация), тіпті популяцияларды (сәбилер, ересектер және т.б.) көрсете алады.
Компания қазіргі кезде өнімнің денсаулыққа жағымды әсерін дәлелдейтін алтын стандарт – рандомизацияланған плацебо-бақылау зерттеулері екенін және кейбір жағдайда оларды реттеушілер талап етуі мүмкін екенін атап көрсетеді. Алайда мұндай сынақтар көп уақытты алады және өте қымбатқа түседі. Негізінде in vitro зерттеулері әлдеқайда жылдам және белгілі бір компоненттің биологиялық белсенділігін растау және оның қызметі туралы негізгі түсінік алу қажет болған жағдайда дәлел бола алады. In vitro нәтижелері адамның қатысумен болған анализдер дизайнын нақтылауға көмектеседі, осылайша уақыт пен шығынды азайтады.
Сонымен қатар in vitro тәжірибелері тағамның жаңа функционалды компоненттерінің идентификациясы үшін немесе тағамды өңдеудің әртүрлі әдісінің осы компоненттерге әсерін зерттеу үшін қолдануға болады. Олар сондай-ақ, тамақ компоненттерінің үлкен топтарын салыстыру және олардың арасындағы өзара әрекеттесуді бағалау үшін таптырмас зерттеу бола алады.
NIZO-ның пікіріне сәйкес, комбинацияланған бірнеше in vitro моделі – белгілі бір биологиялық белсенді компоненттің әрекетін толық ашатын кілт. Мысалы, иммундық және эпителий жасушаларының модельдерін біріктіріп, жасушалардың әртүрлі типіне әсер ететін компоненттердің өзара әсерін зерттеу қажет болуы мүмкін.
Дереккөз: www.foodnavigator.com