Қантты шамадан тыс тұтыну денсаулыққа орасан зор зиян тигізеді: бұл семіздік пен әртүрлі жұқпалы емес аурулардың даму қаупін айтарлықтай арттыратыны белгілі. Сусындар мен тағам өнімдерінің құрамындағы қантты азайту қажеттілігі туралы көптеп айтылады және тиісті реттеуші шаралар қолданылатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл тек «ауқатты» елдерге ғана емес, дамушы нарықтарға да қатысты. Еуропа мен Солтүстік Америкадан тыс жерлерде қантты тұтынуды азайту тақырыбына қатысты қандай ерекшеліктерді атап өтуге болады?
Біріншіден, жергілікті технологиялар көбінесе жақсы жұмыс істейді. Әрбір нарық өзіндік бірегей, сондықтан қантты тұтынуды азайту шаралары, ең алдымен, қарастырылып отырған географияға сәйкес келуі керек. Жақсы бір мысал – Қытай, ол соңғы мәліметтер бойынша әлемдегі жетекші стевия өндірушісі болып табылады. Стевия – белгілі бір өсімдіктен алынған қант алмастырғыш. Азияда ол жүздеген жылдар бойы өсіріліп келеді, сондықтан стевия тәттілендіргіш ретінде мұнда кеңінен танымал және нәтижесінде тағам өнімдерін реформалау құралы ретінде белгілі. Филиппиндер туралы да солай айтуға болады: мемлекет кокос қантынан немесе стевиядан жасалған сусындарды қоспағанда, құрамында қант бар өнімдерге салық енгізді. Таяу Шығысқа келетін болсақ, бұл елдерде тұтынушылар тәтті кондитерлік өнімдерді жақсы көреді, сондықтан стевияға көп адам қызыға бермейді, ал ең көп таралған шешімдер – фруктоза мен тәттілендіргіш сукралоза болып табылады.
Екіншіден, аса тәтті тағамдар өсіп келе жатқан нарықтарға тән бола бермейді. Дамушы елдердегі белгілі алкогольсіз сусындардың, мысалы, Еуропамен салыстырғанда дәмі тәттірек екенін жиі естиміз. Бірақ шын мәнінде мұндай тұжырымдардың ешбір негізі жоқ – қандай да бір географиядағы тұтынушылар тәтті тағамдар мен сусындарды қалайды деп нақты айтуға болмайды. Жан басына шаққандағы қантты тұтыну жайлы ғана сенімді түрде айтуға болады және осыған байланысты ең жоғары көрсеткіштер Мексикаға, АҚШ-қа және Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Тіпті сол АҚШ-та да тұтынушылардың қалауы әр штатта әр түрлі болуы мүмкін.
Үшіншіден, көбінесе дамушы нарықтар қантты тұтынуды азайту бойынша қабылданатын шаралар тұрғысынан көшбасшы болып табылады. Сонымен, қантты сусындарға салынатын салықтар бүкіл әлемде жиі кездеседі. Мұндай реттеу саласындағы көшбасшылар, айталық, Еуропа елдері емес, өсіп келе жатқан нарықтар болып табылады. Бұл көбінесе дамушы елдерде халықтың рационында қант үлесінің көп болуымен байланысты және денсаулыққа байланысты проблемалар айтарлықтай күрделі. Тиісті реттеу шаралары туралы айтатын болсақ, ең айқын мысалдар ретінде Мексика мен Филиппинді атауға болады. Азық–түлік өнімдерін фронтальды таңбалауға келетін болсақ (қандай болғанда да қантпен байланысты), соңғы жылдары Индонезия мен Чили көшбасшы болды. Мұндай заңнамалық бастамалар Еуропа елдерінде немесе АҚШ-тың жекелеген штаттарында пайда болған кезде, дамушы нарықтардың тәжірибесі негіз болады, керісінше емес.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com