Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ультра өңделген тағамдарды, алкогольді, темекіні, сондай-ақ қазба отындарының әртүрлі түрлерін жыл сайын Еуропада миллиондаған өліммен байланыстырады.
Ұйымның жақында жарияланған есебінде айтылғандай, Еуропада жыл сайын шамамен 2,7 миллион өлім тек төрт коммерциялық өнімге – ультра өңделген тағамға, темекіге, алкогольге және қазба отындарына байланысты. Жаһандық деңгейде аталған өнімдермен әлемдегі барлық өлімнің 34% байланыстыруға болады. ДДСҰ осы азық-түлік санаттарына зиянды диета және семіздік сияқты қауіп факторларын жатқызады, бұл өз кезегінде жұқпалы емес аурулардың дамуына әкеледі.
Дұрыс емес тамақтану тақырыбына қатысты ДДСҰ Еуропалық аймақтағы өлім-жітімнің жалпы санынан: 1,06% өңделген ет өнімдерінің жоғары үлесі бар рациондармен, 2,27% тұздың жоғары деңгейімен, 0,14% қантты сусындарды тұтынудың жоғарылауымен және 0,05% транс-май қышқылдарымен байланысты деп есептейді. Бұл жерде ДДСҰ ультра өңделген тағамның жұқпалы емес аурулармен байланысына ертеректе назар аударғанын атап өткен жөн, мұндай ғылыми жұмыстар бұрын да шыққан (“ультра өңделген тамақ” ұғымының нақты анықтамасы болмағанына қарамастан). Алайда, жаңа есептің мақсаты тек тиісті байланысқа баса назар аудару ғана емес, ДДСҰ бүкіл әлемдегі реттеушілерге “коммерциялық индустрияның теріс әсері” туралы хабарлауға тырысады.
ДДСҰ коммерциялық ұйымдар, соның ішінде тамақ және сусындар өнеркәсібі, “зиянды” өнімдерге салық салу немесе олардың маркетингін шектеу сияқты қоғамдық денсаулықты реттеу шараларынан қорғану үшін теңсіздік тұжырымдамасын қолданады деп мәлімдейді. ДДСҰ-ның пікірінше, маркетинг, соның ішінде баға белгіленімі, халықтың “ең осал” топтары арасында мұндай өнімдерді шамадан тыс тұтынуға ықпал етеді.
ДДСҰ Еуропа үкіметтерін жұртшылықты “зиянды” өнімдерден және олардың маркетингінен қорғау және саланың тиісті саясаттарды әзірлеуге араласуын шектеу үшін реттеу шараларын күшейтуге шақырады. Реттеуді күшейтуді қажет ететін салалардың ішінде ДДСҰ мыналарды атап өтеді: маркетинг, монополиялық тәжірибелер, ашықтық және лоббизм, көпұлтты корпорацияларға салық салу және т.б.
Көптеген тамақ және сусын өндірушілер ДДСҰ тұжырымдарымен келіспейді және жаңа есепті әншейін жаңылыстыратын есеп деп атайды. Өңделген тағамды тұтынуды темекі және отын салаларымен байланыстырудың өзі жауапсыз және дұрыс емес екендігі атап өтілді. Тағы бір маңызды мәселе – қандай өнімдерді “ультра өңделген” деп санауға болатындығы туралы консенсустың болмауы. Сонымен қатар, мұндай өнімдердің денсаулыққа әсері туралы консенсус жоқ. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, өнімді өңдеу дәрежесіне емес, оның қоректік компоненттеріне сүйене отырып, “салауатты” немесе “салауатсыз” деп жіктеу керек.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com