Соңғы зерттеулер бойынша күн сайын екі миллионнан астам кесе кофе ішіледі. Алайда, кофе қалдығынан алынған май, қоректік заттарға өте бай болса да, іс жүзінде қолданылмайды. Жаңа Kaffe Bueno стартапы осы майдан тамақ пен косметика жасау үшін Данияда биоөңдеу зауытын ашты.
Kaffe Bueno-да айтылғандай, өзімізге бір кесе кофе қайнату кезінде біз кофе биомассасындағы қоректік заттардың тек 1% -н ғана қолданамыз. Кофе қалдығын тастай отырып, біз барлық майларды, ақуыздарды, антиоксиданттарды және басқа да қоректік заттарды жоғалтамыз, ал оларды әлдеқайда пайдалы қолдануға болады. Стартап кофе қалдығын косметика мен тағамға айналдыру арқылы осындай ысырапты тоқтатуды мақсат етеді.
Кәсіпорын жылына 500 тонна кофе қалдығын өңдей алады деп күтілуде. Шығарылуы жоспарланған тағамдық ингредиенттердің ішінде компания пребиотикалық талшықтарды, антиоксиданттар мен бояғыштарды, майлар мен эмульгаторларды, сондай-ақ пробиотиктерге арналған инкапсуляциялайтын агенттерді атайды. Зауыт өнім шығарумен қатар, кофе қалдығы кәдеге асырылмаған жағдайда шығаратын парниктік газдардың (негізінен метанның) шығарылуына жол бермейді. Ингредиенттердің өздеріне келетін болсақ, оларды Kaffe Вueno технологиясымен өндіру балама тәсілдерге қарағанда эмиссия деңгейінің әлдеқайда төмен болуымен сипатталады.
Компаниядағылардың айтуынша, олардың биоөңдеу өндірісі жылына 1500 тоннаға дейін кеңейтілуі мүмкін. Алайда Kaffe Bueno осымен тоқтауды жоспарламайды: кофе қалдығы бүкіл әлемде өте қолжетімді шикізат болып табылады және Германияда, Нидерландыда, АҚШ- пен Оңтүстік Америкада жаңа бөлімшелер ашылуы мүмкін.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com