Желтоқсан айының басында Парижде жыл сайынғы Food Ingredients Europe көрмесі өтті, көрменің аясында тағам ингредиенттерінің өндірушілері соңғы әзірлемелерін көрсетті. Ең қызықты инновациялар туралы айта кетейік.
Соңғы есептерге сәйкес, адам тұтынатын барлық азық-түліктің шамамен үштен бірі ысырап болады немесе қоқысқа тасталады екен. Француздық Green Spot Technologies стартапы жергілікті өнеркәсіптің жанама өнімдерін қайта өңдеу арқылы тамақ қалдықтары мәселесін шешуде. Мысалы, алма шырынын жасағанда жұмсағы мен қабығы пайдаланылмай қалады- олар қоқысқа тасталады немесе жануарлардың тағамын дайындайтын өндірушілерге жіберіледі. Green Spot Technologies бұл «қалдықтарды» алып, арнайы ашытудан өткізіп, кептіреді. Нәтижесінде тамақ кәсіпорынында қайта қолдануға болатын ингредиент шығады. Кетчуп өндірісінде де компания осы тәсілді қолданады – сәйкес қалдықтардан алынатын ингредиентті еттің аналог өнімдерінде қолдануға болады. Жоғарыда айтылғандардан басқа, Green Spot Technologies сырашылармен де жұмыс істейді. Сыра дәндерін ашытып, кептірсе, снэк-батончик өндірісінде қолдануға болатын пайдалы компонент шығады.
Aphanizomenon flos-aque (AFA) атты тұщы су балдырларының пайдалы қасиеттері көп. Қолда бар зерттеулерге сәйкес, теңіз толқынының түсіне ие бұл балдырлардың антиоксиданттық және қабынуға қарсы қасиеттері бар, кейбір ғалымдар тіпті олардың ісікке қарсы әсері бар деп болжайды. Табиғатта AFA АҚШ-тағы Кламат көлінде өседі. Kyanos Biotechnologies компаниясының айтуынша олар AFA өсірумен айналысатын әлемдегі жалғыз бизнес. Балдырлар сол көлде әлі де өсетініне қарамастан, токсиндер олардың өндірісіне кері әсер етіп жатқаны айтылады. Kyanos Biotechnologies компаниясы ұсынған AFA құрамында 60% өсімдік ақуызы бар, сондай-ақ фенилэтиламин, фикоцианин, витаминдер мен таптырмас аминқышқылдарына бай. Олардың «көңіл-күй мен белсенділікке жақсы әсер ететіні» айтылады. Оған қоса, еуропалық заңдарға сәйкес, бұл ингредиент жаңа азық-түлік түрі болып саналмайды. Kyanos Biotechnologies компаниысы AFA-ны тағамдық қоспалар өндірушілеріне жеткізіп, қолдану аясын функционалдық тағамдарға дейін кеңейткісі келеді.
Денсаулыққа пайдалы тағамдар саны аз емес. Алайда, «пайдалы» ингредиенттердің көбі асүйде пісіруге немесе өндіріс кезіндегі процестерге шыдамайды. Испаниялық Nucaps стартапы сондай ингредиенттерді қорғау үшін инкапсуляция технологиясына жұмыс жүргізіп жатыр. Іс жүзінде компания биологиялық белсенді компоненттер мен пребиотиктерге арналған нанокапсулалар мен биокапсулаларды ұсынады. Технология тамақ өндірісінде антиоксиданттарға, пробиотиктерге, флавоноидтарға және т.б. пайдаланылуы мүмкін. Мәселен, ақуыз негізіндегі капсулалар нан пісіру сияқты қатты шарттарда көмектеседі. Nucaps капсула өлшемдерін өзгертуге болатынын және қажет болған жағдайда дайын өнімде наноматериалдың пайдаланылғаны туралы белгілерді болдырмауға болатынын атап өтеді.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com