Жаңа зерттеулер адам диетасының ұйқысына және, керісінше, ұйқысының сапасы диета таңдауына қалай әсер ететінін көрсетеді.
Соңғы жылдардағы сауалнамалар адамдардың көпшілігі тым аз уақыт ұйықтайтынын көрсетті. Мәселен, Ұлыбританияда 68% ересектердің 7 сағат үзіліссіз ұйықтауға мүмкіндіктері жоқ, орташа есеппен тәулігіне небәрі 6 сағат ұйықтайды. Бұл мәселе балалардың арасында да байқалады. Кейбір ғалымдар бұл жағдайды тіпті «ұйқы жеткіліксіздік індеті» деп атайды.
Зерттеулердің үлкен ауқымы нашар ұйқы мен денсаулықтағы бірқатар асқынулардың арасында байланыс бар екендігін көрсетеді. Осылайша, ұйқы проблемалары жасөспірімдерде артық салмақ пен семіздік ықтималдығының артуымен байланысты болуы мүмкін. Ересектерде ұйқының аздығы семіздік пен 2-тип қант диабеті, жүрек ауруы сияқты жұқпалы емес аурулардың қаупін арттырады. Ғалымдар бүгінгі күні 10 адамның 9-ында ұйқы режимінің бұзылғанын айтады.
Ұйқының аздығы, бәрінен бұрын, адамның қандай тағамды қалайтынына және диета таңдауына теріс әсер етуі мүмкін, бұл калорияны көп тұтыну, снэк тәрізді басқа да зиянды тағамдарды қалауға себеп болады. Тіпті ұйқы режимінің шамалы бұзылуы аштық деңгейін арттырып, аппетит гормондарына әсер етеді. Бір жаңа зерттеу кеш ұйықтайтын адамдардың майды энергияға айналдыру қабілетінің төмендігін көрсетеді. Бұл майлар денеде жиналып, адамға зарар беруі мүмкін.
Басқа жағынан, тағам түрлері адамның қалай ұйықтайтынына да әсер етуі мүмкін. Мысалы, кофеин жүрек соғуын тездетіп, зейінді жақсартады, сондықтан бір кесе қою кофеден кейін бірден ұйқыға кету қиынға соғады. Жұрт арасында жылы сүт ұйықтауға көмектеседі дегенді көп естуге болады, өйткені сүт триптофанға аса бай. Құрамында ақуызы көп тағам ұйқыға кедергі келтіруі мүмкін, өйткені түнде ас қорыту жүйесі баяулайды.
Ең жиі кездесетін қате түсінік алкоголь мен ұйқы арасындағы байланыс болса керек. Көптеген адамдар жақсы ұйықтау үшін түнде бір стақан алкоголь ішкен жөн деп санайды. Зерттеулер көрсеткендей, алкогольді ішпейтін адамдар тез ұйықтайды, түнде әлдеқайда аз оянады және таңертең өздерін сергек сезінеді. Қанттың осыған ұқсас әсерге ие екенін дәлелдейтін жұмыстар бар – көп мөлшердегі қант терең ұйқыға кетуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал өсімдік тағамдары, диеталық талшықтар мен қанықпаған майларға бай тағамдар – керісінше әсер етеді.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com