Испан Mahou San Miguel компаниясы «болашақтың сусынын» табу үшін ашық инновация алаңын іске қосқанын хабарлады.
Компания барлық сусындар мен тамақ секторларына сай келетін платформа құруға тырысады. Оның басты мақсаты саланың қазіргі қиындықтарын шешуге көмектесетін жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу және өзгерістерді жылдамдату үшін ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту болып табылады. Mahou San Miguel таңдаулы стартаптарға компанияның сарапшылар тобымен қосыла отырып өз өнімдерін сынау мүмкіндігін ұсынады, осылайша сусын өндіру саласындағы инновацияларды әлемдік ауқымда қолдауға ұмтылады.
Mahou San Miguel өкілдерінің айтуынша, ең алдымен олар дәстүрлі сусындар секторын түрлендіретін жаңа пікірлер таппақшы. Қазіргі уақытта бұл сала өндіріс қалдықтары мәселесінен су ресурстарын тиімді пайдалануға дейінгі түрлі факторлардың қысымы астында қалған. Дайын өнімнің орауыш материалдары мүмкіндігінше аз болуы тиіс және ешбір жағдайға қарамастан олар дұрыс күйде жеткізілуі керек. Қайта өңдеу мәселелері де инновациялық шешімдерді қажет етеді – алдымызда пластиктен бас тартып, қайта өңдеуге оңай материалдарды пайдалану мәселесі тұр.
Компания стартаптарды төрт негізгі санат бойынша өз пікірлерін ұсынуға шақырады: алкогольсіз баламалы өнімдер, алкоголі аз сусындар, дәстүрлі санаттарды «қайта қарастыру» және «болашақтың сусындары». Mahou San Miguel компаниясын бәрінен бұрын осы төрт сегмент бойынша жаһандық қиындықтарды жеңуге көмектесетін технологиялар қызықтырады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта ашыту, орау және пайдалы әрі функционалды ингредиенттерді өндіруге байланысты технологиялар үміттендіреді.
Дереккөз: http://www.foodnavigator.com