Лозанна федералды политехникалық мектебінің швейцариялық ғалымдары наносымдар мен нанотүтіктерден жасалған сүзгі ойлап тапты, олар суды бактериядан, вирустан және пестицидтерден тиімді тазарта алады.
Мамандар тобы титан диоксидінен тұратын наносымдарды және көміртегіден тұратын нанотүтіктерді ойлап шығарды. Екеуі де күн сәулесімен жұмыс істейді. Бір-бірімен қосылған жағдайда, барлық белгілі және қауіпті патогендер мен химиялық заттарды жоятын композициялық материал құрайды. Сүзгі түтіктеріне ультракүлгін сәуле түскенде, жарық оттегінің белсенді түрлеріне жататын молекулалар тобын түзейді. Бұл бізге үйреншікті оттегі, сондай-ақ сутегі асқын тотығы және гидроксид болып табылады. Біріншісі судың сапасына, ал екіншісі оның жалпы залалсыздандыруына жауапты, үшіншісі болса зиянды түзілімдермен тікелей күресу үшін қызмет етеді.
Жаңа әзірлемеге жүргізілген сынақтар А гепатитінің вирусын, диарея көзі Campylobacter Jejuni, Escherichia Coli ішек таяқшасының қоздырғышын және т.б. жоюда тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар наносүзгі пестицидтер мен дәрі-дәрмек қалдықтарын жоюда жақсы нәтиже көрсетті. Әзірге тек оның прототипі шығарылды, зерттеушілер оны жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Ғалымдар ғылыми қауымдастықтар және қаржы ұйымдары алдағы зерттеулерге қолдау көрсетеді деп үміттенеді.
Жаңа өнертабыс әсіресе экологиялық шарттар мен дұрыс пайдаланбауға байланысты таза және қауіпсіз ауыз су мүмкіндігі айтарлықтай шектелген аймақтар үшін өзекті болады. Бұл әсіресе суды тазартудың заманауи жоғары технологиялық әдістерін пайдалану техникалық тұрғыдан мүмкін емес, ал қарапайым арзан тәсілдер барлық зиянды заттарды жоймайтын әлемнің кедей елдеріне қатысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша бүгінгі таңда әлемде кем дегенде 1,8 миллиард адам ластанған суды ішіп, оны тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланады. Сонымен қатар, ДДҰ 2040 жылға қарай жер шарындағы халықтың көпшілігі ауыз су тапшылығына тап болады деп болжайды.
Дереккөз: http://hightech.fm